Тағы да діни мерекелер туралы Бүгін Алматыда «Қазақстандағы конфессияаралық келісім – Алматы қаласының мысалдары негізінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жиын Мұсылмандар мен православ христиандарының діни мерекелеріне демалыс беру туралы Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» заңына енгізілген толықтырулар негізінде болды. Оған негізгі діни конфессиялар мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, дінтанушылар, сарапшылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Көп ұлттылығымен ғана емес, алуан түрлі діндердің еркін уағыздалуымен ерекшеленетін мемлекетіміз осы тұрғыда тағы бір iлгерi қадам жасады. Күні кеше ғана Қазақстанда, дүниежүзінің түрлi діни конфессиялары бас қосып салиқалы жиын өткiзген едi, ал бүгін еліміздің негізгі діндерін уағыздаушы мұсылмандар мен православ христиандары үшін ерекше күн. Мұсылмандардың Құрбан айты мен православ христиандарының Рождество мерекелеріне мемлекеттік мәртебе берілді. Нағима Байтенова, философия ғылымдарының докторы былай дейді: - Осы жетістігіміз арқылы біз халықаралық деңгейде де мәлім болып жатырмыз. Бірақ одан біздің басымыз айналмауы керек. Біз енді барлық жетістікке жеттік, басқа мәселе жоқ, бәрі жақсы деуден аулақ болуымыз керек. Себебі біз көп конфессиялдық мемлекет болғандықтан, әсіресе соңғы кезде бізде көптеген жаңа діни секталардың қалыптасуына байланысты, олардың мән-мағынасының, түпкі мақсатының қандай екенін білмегендіктен, бізде бір жағдайдың болу мүмкіндігі әр уақытта болады. Жуырда еліміздің Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова діни сабақтарды барлық оқу орындарына енгізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Бүгінгі дөңгелек үстелге жиналғандардың көбісі бұл бастаманы қоштап отыр. Ең бастысы дейді жиналғандар Қазақстанда қандай болмасын дінге деген құрмет сақталуы тиіс.