Би-би-си Қазақ Қызметі жұмысын тоқтатты Он жылға жуық әлем жаңалықтарын қазақ тілінде жеткізіп тұрған Би-би-си Қазақ Қызметі өз хабарларын алғаш рет 1996 жылдың 6-маусымында тарата бастады. 2005 жылы Би-би-си Дүниежүзілік Қызметінің басшылығы ұйымның 2010 жылға дейінгі стратегиясын жоспарлау барысында 10 тілде хабар таратып келген радио қызметтерді жабатынын жариялады. Қысқартылатын қызметтердің көбі негізінен Шығыс Европа тілдеріндегі қызметтер, солардың ішінде қазақ, тай және грек қызметтері де бар. Ұйым басшылығының айтуынша, бұл қызметтерді қысқарту талабы осы елдердегі жағдайдың толығымен өзгеру және теледидар мен интернет қызметтерінің кеңею себептерінен туындап отыр. Соның арқасында Би-би-си Дүниежүзілік қызметі араб тілінде жаңа теледидар ашпақ. Осы жаңа жоба іске сәтті асатын болса, онда араб тілінен кейін Иран мен Ауғанстанға арналған парсы тіліндегі телеарналар да ашылмақ. Сондай-ақ, орыс, испан, португал, хинди және урду тілдерінде тележаңалықтар хабарлары да дүниеге келуі ықтимал. Осыған орай 2005 жылы желтоқсан айында Қазақ қызметі жұмысын тоқтатты.