Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алады? Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да көтерілген кезде Қазақстанда бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 3-те қарсы алады. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр - адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы. Қызыр түні - Жаңа жыл табалдырық аттап, үйге енгенде, үйде шырақ жағылып, есік айқара ашық болады. Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады деген сеніммен Наурызға дейін үй ішіндегі жиһаз, мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, таңды қарсы алады. Егер кімде-кім Ұлыстың күні сәтінде Күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген ұғымға сай Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан. Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп,“Құт дарысын” деп, айнала-төңірекке ақ бүркіп, үйлеріне тарасады.Ұлыс күні жеті түрлі заттан наурыз көже пісіріледі. Наурыз көжені қызылдан, яғни ет тағамдарын (соғымнан қалған сүр еттен немесе қойдың басынан), ақ ырыстан, яғни сүт тағамдарынан және көк ырыстан (дән тағамдары мен жеміс-жидектер) жасайды. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрамгүл сияқты аттар қойылады. Наурыз күні қар не жаңбыр жауса “Нұр жауды, келер жыл жақсы жыл болады” деп қуанады. Наурызда адамдар есеп, пендешіліктен тазарады, ал ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас елдерді, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татқызып, қайта табыстырады. Сондықтан Наурыз - ел бірлігін күшейткен Ұлыстың Ұлы күні, қасиетті мейрам. Наурыз мейрамдарыңыз құт, береке әкелсін! (Наурыз» кітабынан)